ШҰҒЫЛ: Еліміздің республикалық жолдарындағы көлік қозғалысы қайта жанданды
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін таңертеңнен бастап еліміздің республикалық жолдарындағы көлік қозғалысы қайта жанданды.
Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметінен хабарлады.
Мәселен, кеше Павлодар облысы аумағындағы аязға байланысты барлық бағыттарда қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің жол қозғалысына тыйым салынған еді.
Сонымен қатар, ауа температурасының -40 градусқа дейін күрт төмендеуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлық бағыттарда қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің жол қозғалысына шектеу қойылған болатын.
Бұдан бөлек, кеше сағат 19:00-дeн бастап қатты аяздарға байланысты Қарағанды облысы бойынша барлық бағыттарда қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің жол қозғалысына тыйым салынды.
Ал Алматы облысы бойынша кеше қалың қардың түсуіне байланысты "Алматы-Өскемен" жолының 557-615 шақырымында дизель отынымен жүретін автокөліктің жол қозғалысына тыйым салынған еді.
Атап айтқанда, бұл жолдардың барлығы бүгін таңертеңнен бастап ашылды.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында жол-жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 11 желтоқсаннан бастап көліктің барлық түрлері үшін жабылған Петропавл қаласынан айналып өтетін автожол (3 шақырым) әлі де ашылған жоқ.