ШҰҒЫЛ: Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы қылмысқа қатысы бар күдікті екі экстремист іздестірілуде (ФОТО)

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биыл 13-14 тамызда Іле-Алатау ұлттық саябағында пышақ жарақаттары бар 6 мәйіт, кейін өртеніп кеткен орманшының үйінен 6 адамның мәйіті анықталғанын бұдан бұрын хабарлағанбыз. 

ШҰҒЫЛ: Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы қылмысқа қатысы бар күдікті екі экстремист  іздестірілуде (ФОТО)

Сол күні аталған факті бойынша  қылмыстық іс қозғалып,  ІІМ, Алматы қаласы және Алматы облысы ІІД тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды, барлық қажетті сот-криминалистикалық сараптамалары тағайындалды. Өткізілген жұмыстар нәтижесінде бүгінгі күні тергеуде аталған қылмысты діни экстремизм тобының мүшелері жасағандығы жөнінде нақты негіз бар, олардың жеке бастары толық анықталды.

Заңсыз тұрғыда болғандықтан олар тұрғылықты орындарын жиі ауыстырып, жалға берілетін бөлмелерді пайдаланған, соның ішінде  Алматы облысы Тау самалы кентіндегі үйде тұрған, сол жерде  ағымдағы жылдың шілдесінде қолдан жасалған қондырғы жарылған. Сондай-ақ  Бағанашыл кентінде тұрған, ол жерде арнайы операция өткізу барысында  топтың басым бөлігі  жойылған.

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер бір іске біріктіріліп, арнайы прокурор басқаратын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Топтың басқа мүшелерін құқық қорғау органдары іздестіруде. Ол Батыс Қазақстан облысының тумасы 1975 жылы туған Хайыров Саян Махсотұлы және  Жамбыл облысының тумасы 1978 жылы туған Ботабаев Заурбек Расильханұлы. Оларды іздестіру үшін республиканың ішкі істер органдары жеке құрамына бағдар берілді.

Ішкі істер министрлігі іздеудегілердің аса қауіпті екендігін, қарулы болуы мүмкін екендігін ескере отырып, тұрғындарға өз бетінше шара қолданбауды ескертеді. Олардың болатын орындарын білген жағдайда  дереу тұрғылықты орны бойынша  ішкі істер органдарына немесе ІІМ-не 71-40-07 телефон нөмірі арқылы хабарлауды сұрайды.

Тергеу құпиясын  сақтау мақсатында толық ақпараттар БАҚ-қа және  жұртшылыққа тергеу аяқталғаннан кейін жарияланатын болады.