ШҰҒЫЛ: Қарағанды облысында полиция қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау барысында қару қолдануға мәжбүр болды

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат  Кеше,  сенбі күні Қарағанды облысында полиция қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың 4 мүшесін ұстау барысында қару қолдануға мәжбүр болды.
None
None

Бұл ақпаратты аталған облыстың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратып отыр.

«Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында, «Приозерск-Сарышаған» автожолында 12 мамыр күні шамамен  сағат 17:00-де «Тойота Скептер» автокөлігінің жүргізушісі ішкі істер бөлімі қызметкерінің көлікті тоқтату турасындағы заңды бұйрығына бағындай, полиция автомашинасын қағып, бой тасалауға тырысты. Сонымен қатар «Тойота Скептер» көлігінен ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне қарай оқ атылды. Күдіктілерді тұтқындау үшін облыстық ішкі істер департаментінің «Арлан» қызметінің қызметкерлері   7 мәрте  оқ атты», делінген баспасөз хабарламасында.

Полиция қызметкерлерінің ақпаратына қарағанда, аталған көлік Сарышаған елді мекенінде ұсталған. Онда төрт адам болған.  Олар Сарышаған елді мекені мен Приозерск қаласының тұрғындары. Күдіктілерден бірнеше қару тәркіленген.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, 27 және 32 жастағы азаматтар полиция қызметкерлерінің табельді қаруынан жарақат алған. Олардың бірінің жамбасына, ал екіншісінің басына оқ тиген. Жараланғандар ауруханаға жеткізіліп, күзет қойылды. Ал тағы екі күдікті уақытша оқшаулау орнына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

«Табельді қару қолдану прокуратура тарабынан заңды деп танылды», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар