ШҰҒЫЛ: Қаржы полициясы Атырау облысы әкімдігінің және мердігерлік ұйымдардың басшыларына қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады
Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған қылмыстық істерді тергеу барысында тергеу жедел тобы 68 сараптама жасап, 750-ден астам адамнан жауап алды, 9 тінту жүргізді, 30 мыңнан астам құжатты тәркіледі. Тергеу тобымен атқарылған жұмыс нәтижесінде Атырау облысының аумағында облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрып оның басшылығымен 6 жылдан астам уақыт әрекет еткен қылмыстық қауымдастық жойылды.
«Анықталғанындай, Б. Рысқалиев өкілеттікке ие бола тұра мемлекеттік қаражатты ұрлау мақсатында 35 адамнан құралған 3 ұйымдасқан қылмыстық топтан тұратын ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық құрған»,-деді М. Жұманбай.
Оның айтуынша, қауымдастық құрамына Атырау облысының басшылары, яғни әкімнің бірінші орынбасары Дәукенов, орынбасары Әбдіров, облыс әкімшілігінің басқарма бастықтары, сондай-ақ сыбайлас кәсіпкерлер мен туысқандары кірген.
Тергеудің 8 айында қылмыстық қауымдастықтың мүшелеріне қатысты ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, бюджет қаражатын ұрлау, жалған кәсіпкерлік, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, пара алу, алаяқтық және басқа да қылмыстар бойынша 73 қылмыстық іс қозғалды.
Ресми өкілдің атап өтуінше, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айыппен 11 адам қамауға алынды. Олардың ішінде облыс әкімшілігінің бұрынғы аппарат жетекшісі Керімов, қаржы басқармасының бастығы Жантеміров, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы және басқа да тұлғалар бар. Сондай-ақ, 10 адам үй қамауында, 2 адамға ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.
«Ағымдағы жылғы 18 сәуірде аталған 23 тұлғаға айыптар тағылып, олардың қылмыстық ісінің материалдарымен таныстыру процедурасы басталды»,-деп атап өтті ресми өкіл.