ШҰҒЫЛ: Қазақстандық танымал ақын, прозашы және көсемсөзші, «Нива» журналының бас редакторы Владимир Гундарев кенеттен қайтыс болды
АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - 25 тамызда қазақстандық танымал ақын, прозашы, көсемсөзші, республикалық «Нива» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Владимир Романович Гундарев 69-ға қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Ол 1944 жылы 19 шілдеде Ресей Федерациясының Новосібір облысы Кыштов ауданындағы Большеречье селосында дүниеге келді. Еңбек жолын 1959 жылы Фрунзе атындағы ұжымшарда трактор тіркемешісі болып бастады, Новосібір облысының аудандық газет редакциясында және Кемеров телехабары студиясында жұмыс жасады. 1961 жылдан Қазақстанда тұрды, Целиноград қаласы радиосында, одан кейін 20 жыл бойы Қазақстан жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімінің әдеби кеңесшісі болып қызмет атқарды. 1990 жылы бүгінде Қазақстанда және таяу және алыс шетелдерде танымал болған «Нива» журналының негізін қалады. 2012 жылғы тамызда «Ниваның» мерейтойлық 200-саны шығарылды.
1963 жылдан КСРО (Қазақстан) журналистер одағының, 1978 жылдан КСРО (Қазақстан) жазушылар одағының мүшесі, Ресей поэзия академиясының корреспондент-мүшесі (2006). Павел Васильев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың, Астана әкімінің «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденімен, бес медальмен, Ресей Федерациясы сыртқы істер министрлігінің жанындағы Ресей шетелдік орталығының «Достық ісіне қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталған. 2012 жылғы шілдеде Владимир Гундаревке Пушкин медалі тапсырылды.
Владимир Романович әдеби шығармашылықпен 1959 жылдан бастап айналысты. Жиырмадан астам поэзиялық және көркем-деректі кітаптардың авторы. Оның «Деревня моя деревянная» (1973), «Зимопись» (1976), «Светлынь-река» (1980), «Капля в море» (1982), «Продолжение жизни» (1987) өлеңдер жинақтары, «Ветка молнии» (1994) таңдамалы шығармаларының бір томдығы, «Медовый месяц при полной луне» (2000), «Я живу на планете Любви» (2003), «Свет родины, свет любви» (2003), «Душа стремится к небесам» (2010), «Без пяти двенадцать» (2012) шығармалары оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағасын алды. Оның шығармалары қазақ, украин, неміс, корей, словак, француз, испан, португал тілдеріне аударылды.
Владимир Гундарев қазақ, түрікмен және украин тілдеріндегі поэзиялық және прозалық бірқатар шығармаларды орыс тіліне аударды. Деректі кино- бейне- және телефильмдердің, театрландырылған қойылымдардың, театр спектакльдеріне өлеңдердің авторы.
Ақынның «Деревенька моя», «Цвети, моя Астана!» және басқа да өлеңдеріне әндер жазылды.
Марқұммен қоштасу 28 тамызда Астанадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сағат 12-де өтеді.