ШҰҒЫЛ: ҚР Президентінің Беларусь Республикасына сапары аясында БЕЛТА мен ҚазАқпарат ақпарат алмасу жөнінде келісімге қол қойды

МИНСК-АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - «Беларусь телеграфтық агенттігі» (БЕЛТА) Республикалық унитарлық кәсіпорны және «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (ҚазАқпарат) ақпараттармен алмасу жөніндегі келісімге қол қойды, бұл туралы БЕЛТА хабарлады.
None
None

Құжатқа бүгін, ақпараттық-талдау мүмкіндіктерді кеңейту және байыту, екі елде болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттармен үздіксіз алмасуды орнықтыру мақсатында, Беларусь телеграфтық агенттігінде БЕЛТА-ның бас директоры Дмитрий Жук пен «ҚазАқпарат» АҚ-ның басқарма төрағасы Дәурен Дияров қол қойды.

Дәурен Дияров атап көрсеткендей, ҚазАқпарат пен БЕЛТА ұзақ жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді және ақпараттармен алмасу жөніндегі келісімге қол қою формальдық үшін ғана қажетті. «Беларусь пен Қазақстан қарым-қатынастардың БАҚ саласында ғана емес, өзге де бағыттар бойынша дамуына мүдделі, бұған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Беларусьқа сапары дәлел. Беларусь Қазақстан үшін - Еуропаға алып барар жол», - деді Д.Дияров. Ол сондай-ақ екі агенттіктің ықпалдастығы одан әрі тығыз бола түсетіндігіне сенімін білдірді.

Өз кезегінде Дмитрий Жук, агенттіктердің ықпалдастығында экономикалық ақпараттарға басымдық берілетіндігін атап өтті. «БЕЛТА-ның экономикалық жаңалықтарының арқасында қазақстандық бизнес беларусь экономикасының Кедендік одақ ашып отырған - жаңа көкжиектері мен мүмкіндіктерін ашады деп ойлаймын. Агенттігіміздің ақпаратының арқасында беларусьтың шекара және кедендік инфрақұрылымы қазақстандықтар үшін анағұрлым түсінікті бола түседі, ал бүгін жоғары деңгейде қол жеткізілген экономикалық саладағы келісімдердің жүзеге асырылуы - анағұрлым жылдам әрі тиімді болады деп сенемін», - деді Д.Жук.

Ақпараттармен алмасу жөніндегі келісім агенттіктерге ішкі және халықаралық өмірдегі өзекті оқиғалар туралы орыс және ағылшын тілдерінде нақтыланған шұғыл ақпараттық материалдармен үнемі алмасып тұруға мүмкіндік береді. Агенттіктер ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, алынған материалдарды өз елдерінің аумағында кез келген әдіспен таратуға құқылы.

Сондай-ақ БЕЛТА мен ҚазАқпарат мемлекет басшыларының, өз елдерінің ресми делегацияларының сапарларын, сондай-ақ Беларусь пен Қазақстан аумағында өткізілетін өзге де мемлекетаралық акциялар мен іс-шараларды ұйымдастыруда және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етуде ықпалдасуға ниетті. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында үздік тәжірибелерді үйрену және біліктілікті арттыру мақсатында журналистермен, фототілшілермен және өзге де мамандармен алмасу құпталады. Агенттіктер өз елдерінің аумағында аккредитациядан өткен журналистерге және фототілшілерге кәсіби қызметтерін атқару барысында ұйымдастырушылық және техникалық қолдаулар білдіруге ниетті.

Соңғы жаңалықтар