ШҰҒЫЛ: Құлсары қаласындағы лаңкестікке қарсы операция барысында 5 адамның мәйіті және ауыр жарақаттанған бір адам табылды - Бас прокуратура
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 5 қыркүйекте Атырау қаласының Молдағұлова көшесіндегі жеке үйлердің бірінде қолдан жасалған жарылғыш заттың жарылуы орын алғаны белгілі.
Жарылыс нәтижесінде алған жарақаттардан оқиға болған жерде 1991 жылы туған Сақауов Нұрлыбек Аманғалиұлы қаза болды.
ҚР Бас прокуратурадан мәлім еткендей, қарау кезінде қолдан жасалған 3 жарылғыш құрылғы, сондай-ақ осындай құрылғыларға компоненттер табылып, алынды.
Сақауов күштік құрылымдардың қызметкерлеріне қатысты күш қолдану әрекеттерін жасау идеяларын ұстанып жүргені анықталды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24 және 233 баптарымен (Терроризмге дайындалу) қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.
Тергеу шеңберінде осы қылмыстың 4 қатысушысы анықталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Бүгін, 2012 жылғы 12 қыркүйекте Атырау облысы Құлсары қаласының 1-ші шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көрсетуі бойынша террористік топтың қызметіне қатысы бар тағы бірнеше тұлға анықталды.
Осыған байланысты, оларды ұстау және залалсыздандыру мақсатында терроризмге қарсы операция жарияланды, оны өткізу аймағында ерекше құқықтық режим енгізілді, тұрғындарды эвакуациялау жүргізіліп, оқшаулау қойылды.
"Арнайы құрылымдардың қызметкерлері қандай да бір әрекеттер жасауды бастағанға дейін оқшауланған тұлғалар бірнеше жарылғыш құрылғыны жарып, оқ ату қаруларымен арнайы бөлімше қызметкерлеріне қарай ата бастады. Бір қызметкер жарақат алды.
Арнайы операция нәтижелерімен оқиға болған жерден 5 мәйіт және ауыр жарақат алған бір адам табылды.
Бейбіт тұрғындар арасында құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта оқиға болған жерді қарау, басқа да күттірмейтін тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде", - делінген Бас прокуратураның таратқан баспасөз айғағында.