ШҰҒЫЛ: Мадиярлар өздерінің тарихи атамекеніне ескерткіш ретінде Торғайда өмір ағашы - «Бәйтеректі» орнатады
АСТАНА, 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінде «Бабалар өсиетімен» фотокөрмесі ашылды.
«Назарбаев орталығының» баспасөз баянында хабарланғандай, бұл іс-шара туыстас халықтар - қазақтар мен Дунай жағалауы мен Қарпық тауы баурайында 11 ғасыр бойы мемлекеттілігін, төл тарихы мен мәдениетін сақтаған мадиярлардың (венгрлер) тарихи-мәдени қарым-қатынасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
Фотокөрмеде үш Құрылтай туралы: I - қазақ-венгр «Ғасырдан кейінгі қауышу» (Қостанай обл., Қазақстан, 2007 ж.); II - венгр-қазақ (Бестерпуста, Венгрия, 2008 ж.); III - Тұран халықтарының Құрылтайы (Бугац, Венгрия, 2010 ж.) материалдар көрсетілді.
Фотокөрменің ашылуына Қазақстандағы Венгрия Республикасының Елшісі, Қазақстан және Венгрия Парламенті депутаттары, Венгрия СІМ вице-министрі, «Тұран Мадияр» Халықаралық қоры, «Ұлы дала» Қоғамдық қорының президенттері, сондай-ақ профессорлар, ғалымдар және көрнекті мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары Роман Василенко: «Назарбаев орталығында» туыстас халықтар - қазақтар мен мадиярлардың тарихи-мәдени қарым-қатынасына арналған «Бабалар өсиетімен» фотокөрмесінің ашылуына хош келдіңіздер. Бұл алдағы қазақ-венгр қарым-қатынасын нығайтуда елеулі үлес болып қосылады деп үміттенеміз. Біздің екі елдің арасын тарихи терең байланыс жалғап тұр. Қазіргі орталық-шығыс Венгрия жерінде ХІІ ғасыр соңында Торғай даласынан көшіп барған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Венгрия қыпшақтарының Одағы» өкілдерімен 2007 жылғы сапары аясындағы кездесуі мәдени қарым-қатынастың дамуына қосымша серпін берді. Президент Назарбаевтың «Венгрия қыпшақтары Одағының» Құрметті көсемі болып сайлануын мемлекетіміздің Басшысы мен Қазақстан халқына деген ең жоғары құрметтің белгісі деп есептейміз», - деді.
Қазақстандағы Венгрияның Елшісі Имре Ласлоцки Қазақстанмен өзара байланысының Венгрия үшін маңыздылығын айрықша ықыласпен атады: «Қазақстан Республикасындағы осы шараны ұйымдастыруға қатысқаныма өте қуаныштымын, өйткені бүгінгі фотокөрменің арқасында қазақстандықтар сан ғасырлық тарихы бар венгр-қазақ өзара қарым-қатынасының туыстық байланысының негізімен жақын таныса алады».
«Қазақстан - мадиярлардың тарихи атамекені, - деп мәлімдеді Венгрия Елшісінің сөзінен кейін экспедиция жетекшісі, антрополог, ғалым, доктор Андраш Биро Жолт. - Мен үшін Қазақстанға жасаған осы сапарым өте маңызды, өйткені осы күндері венгр делегациясы өзінің тарихи атамекеніне ескерткіш ретінде Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Саға ауылында өмір ағашы «Бәйтеректі» орнатады».
Көрменің ашылуында тек екі халық арасындағы туыстық өзара байланыс айтылып қана қоймаған жоқ, сонымен қатар қазақтар мен венгрлердің рухани жақындығына негіз болған сан ғасырлық шынайы достығы, екі халықтың өзара түсіністігі де аталып кетті .
Іс-шара аясында венгрлік қонақтардың орындауында көшпелілер дәстүріне арналған және олардың Еуропадағы құрметтелуі жайында театрландырылған қойылым көрсетілді.
Келушілер көрмеге қойылған фотоматериалдар мен олардың тарихына зор қызығушылық танытты.
Фотокөрме 12 маусымға дейін жалғасады.
Ұйымдастырушылары: «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі, ҚР-ндағы Венгрия Республикасының Елшілігі және «Ұлы дала» Қоғамдық қоры.