ШҰҒЫЛ: Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған тәртіпсіздіктердің салдарынан 10 адам мерт болды, жаралылар бар - ҚР Бас прокуроры

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған тәртіпсіздіктердің салдарынан 10 адам мерт болды. Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен болған брифингте Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.

ШҰҒЫЛ: Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған тәртіпсіздіктердің салдарынан 10 адам мерт болды, жаралылар бар - ҚР Бас прокуроры

Оның сөзіне қарағанда, бүгін таңғы сағат 11.30 шамасында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мерекелік шаралар барысында бір топ азаматтардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Қаланың Орталық алаңында Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту үшін жиналған бейбіт тұрғындарға бұзақылар шабуыл жасады.

«Бұзақылар қоғамдық тәртіпті дөрекі түрде бұза отырып, тәртіп сақшыларына шабуыл жасады. Олар Жаңа жылдық шыршаны төңкеріп, мерекеге арнайы қойылған киіз үйлер мен сахнаны қиратты және полицейлердің автобусын жағып жіберді. Бұзақылар қаланың бейбіт тұрғындарын тепкінің астына жығып, алаңда тұрған көліктерді талқандады»,-деді Бас прокурор.

Оның сөзінше, қоғамдық тәртіпті бұзушылар тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеттерді тоқтату жөніндегі талаптарына бағынбай, полиция қызметкерлерінің қаруларын тартып алу мақсатында олардың өзідеріне шабуылдаған.

«Олар осы заңсыз әрекеттерінің барысында суық қару мен отты қаруды пайдаланды. Жаппай тәртіпсіздік барысында қалалық әкімдіктің ғимараты мен «Өзенмұнайгаз» компаниясының ғимараты мен қонақ үйі өртенді. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың мүліктері талқандалып, көліктер өртенді, банкоматтар тоналды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда осы оқиғаның салдарынан 10 адам мерт болды. Сондай-ақ дене жарақаттарын алғандар да бар. Жарақаттанған азаматтардың арасында тәртіп сақшылары да кездеседі. Осы уақытта аталған жаппай тәртіпсіздік әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалды»,-деді А.Дауылбаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов бастаған жедел-тергеу тобы Жаңаөзен қаласына ұшып кетті. Аталмыш топ онда заңсыз әрекеттерді тоқтатып, оны ұйымдастырушыларды жазалап, қалада тәртіп орнатуға күш салатын болады. «Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға осы әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндіктерін ескертіп, заңсыз әрекеттерді тоқтатуға шақырады. «Құқық қорғау органдары азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзғандардың барлығына тосқауыл қояды»,-деді Бас прокурор.