ШҰҒЫЛ: Өзі-өзіне қол жұмсаған әскери қызметшіні осындай жағдайға итермелеуі мүмкін - ҚР Бас әскери прокуратурасы
Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі, 16 сәуір күні Жолда жүру ережелерін оқыту сыныбында ҚР ІІМ Ішкі әскері №5514 әскери бөлімшесі автотехникалық қамтамасыз ету взводының 32 жастағы нұсқаушысы, сержант Бауыржан Қарықбаев өзін атып өлтірді. Басына атылған оқ жарақаты бар мәйітті аталған бөлімшеде мерзімді қызметті өткеріп жүрген қатардағы сарбаз тапты. Алматы облыстық прокуратурасының мәліметінше, дәл тиген оқ Макаров тапаншасынан атылған. Мәйіттің жанынан өлер алдында жазылған хат табылды.
Ал, еліміздің Бас әскери прокуратурасының нақтылай түсуінше, қайғылы оқиға 15 сәуірде сағат 08.40 шамасында Ішкі әскерлер комитетінің 5514 әскери бөлімінің жүргізушілерді арнайы даярлау сыныбында орын алған. Осы күні Ішкі істер министрлігі Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасының Талдықорған бөлімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 102-бабы 1 бөлімімен қарастырылған қылмыс бойынша қылмыстық іс қозғалған (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу).
Іс бойынша сот-медициналық сараптама және қаза тапқанның тұлғасын өлгеннен кейінгі сот психология-психиатриялық зерттеу тағайындалған. Тергеу жүргізілуде.