ШҰҒЫЛ: Ресейлік хоккейшілер мінген ұшақ елорда әуежайына апатты жағдайда қонды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайына ресейлік хоккейшілер мінген ұшақ апатты жағдайда қонды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметінен хабарлады.
«25 ақпан күні сағат 23.49-да Қарағанды-Пермь бағыты бойынша 9652 рейсімен ұшып бара жатқан "Center South" авиакомпаниясының (Ресей) ТУ-134 жолаушылар ұшағы қозғалтқышының істен шығу салдарынан Астана әуежайына апатты жағдайда қонды»,- делінген хабарламада.
Ұшақ бортында («Молот» хоккей командасы) 31 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Ешкім зардап шеккен жоқ.
«Әуежайдың барлық қызметтері дайындық режіміне көшірілді. Қазіргі уақытта қозғалтқыштың істен шығу себебін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. 26 ақпан күні ақауы бар ұшақтың барлық жолаушылары «Эйр Астана» авиакомпаниясының тұрақты рейсімен Мәскеуге аттанып кетті», - делінген ақпаратта.