ШҰҒЫЛ: Саршұнақ аязға байланысты еліміздің 5 облысының аумағындағы республикалық жолдар жабылды - «Қазақавтожол» РМК
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Саршұнақ аяздың салдарынан еліміздің 5 облысының аумағындағы республикалық жолдар жабылды. Бұл туралы бүгін «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, сағат 18:00-дeн бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Павлодар облысы бойынша барлық бағыттарда автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына тыйым салынды.
Қарағанды облысы бойынша, сағат 15:00-дeн бастап "Қызылорда-Павлодар" жолының 1069-1135 шақырымындағы "Молодежный-Павлодар облысы шекарасы" аралығында қоғамдық, жүк және дизель отынымен жүретін автокөліктер үшін жол жабылды.
Бұдан бөлек, сағат 17:00-дeн бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлық бағыттарда қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына тыйым салынды.
Сонымен қатар сағат 18:30-дан бастап "Омбы-Майқапшағай" а/ж 587-733 шақырымы "Павлодар обл шекара-Семей қ" аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына тыйым салынды.
Ал Алматы облысы аумағында сағат 17:00-дeн бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты "Алматы-Өскемен" жолының 558-615 шақырымындағы "Рубеж бекеті- Шығыс Қазақстан облысы шекарасы" аралығында қоғамдық дизель отынымен жүретін автокөліктің қозғалысына шектеу енгізілді.
Мұнымен қоса, сағат 19:00-дeн бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Ақмола облысы бойынша барлық бағыттарда қоғамдық, жүк және дизель отынымен жүретін автокөліктің түрлері үшін жол жабылды.