ШҰҒЫЛ: Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы А. Мешімбаева Біріккен Араб Әмірліктерінде бой тасалап жүр

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің бүгінгі отырысында «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Соның барысында Бас прокурордың бірінші орынбасары Біріккен Араб Әмірліктері аумағында 7 қазақстандық азамат жасырынып жүргенін атап өтті. «Интерпол мәліметтеріне орай, Араб Әмірліктерінде қазақстандық соттан жасырынып жүрген 7 азаматтың бар екендігі мәлім болды. Олардың арасында Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы да бар», -деді И. Меркель. Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша агенттіктің бұрынғы басшысымен келтірілген залал 758 миллион теңге болып отыр. Бұл қаражат кезінде ұлттық санақты жүргізуге бөлінген болатын.
«Аталған елде сондай-ақ «Какаду» ЖШС бұрынғы директорының да бой тасалап жүргені белгілі болды. Ол Астанадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенінің құрылысы барысында жарты миллиардқа жуық теңгені жымқырғаны анықталған», - деді И. Меркель. Оның сөзіне қарағанда, барлық іздеуде жүрген қазақстандықтарға қатысты БАӘ-ге ұстап беру туралы талап жолданған. Алайда ондай талап әлі күнге қарастырылмай отыр. «Дегенмен, осы келісімді ратификацияласақ, біз сол елдегі қылмыскерлерді елімізге қайтаруға мүмкіндік аламыз», - деді ол.