ШҰҒЫЛ: Төлеген Ақылбеков «Қаныпезер құбыжықты» жеңді
АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Төлеген Ақылбеков «Қаныпезер құбыжықты» екінші раундқа жеткізбей мойындатты.
Кеше 8 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде ҚР Президентінің Кубогы үшін аралас жекпе-жектен ММА Халықаралық Тунирі өтті.
Alash-Pride KZ құрамасының жойқын жұдырықты жігіттері бұл күні Ресей, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корей, Молдова, Литва және Румыниядан келген сайыпқырандармен күш сынасты. Елді елеңдеткен басты жекпе-жек қазақтың қайсар ұлы Төлеген Ақылбеков пен американдық Боб Сапптың арасында өтті.
Ережесіз жекпе-жек шебері Б.Сапп 1974 жылы дүниеге келген. Бойы 2 метр 5 см, салмағы 170 келі. Айқас алаңындағы қатыгездігі мен жауыздығына байланысты «Айуан», «Қаныпезер құбыжық» деген лақап атқа ие болған Сапп, аюдай ақырып, шаршы алаңға шыққанда, «қалай болар екен?», деп бүкіл ел демін ішіне тартты.
Астанаға алғаш ат басын тіреген Боб Сапп Төлегенді 1-інші раундта-ақ жеңетінін айтқан еді. Біздің батыр ұлымыз оның айтқанын өзіне істеді. Бәсеке басталысымен арландай атылған қазақ ұлы өзінен43 келі ауыр алыпты асықтай иіріп астына басты. Сол беті орнынан тұрғызбай шойын жұдырықтарымен төпелегенде «Қаныпезер құбыжық» жеңілгенін мойындап жер сабады. Жеңіс туы Төлегеннің қолында желбіреді.
Төлеген Ақылбеков Тараз қаласында туған. Жастайынан еркін күреспен шұғылданған ол, күрестің бұл түрінен бірталай жетістікке қол жеткізіп, жастар арасында әлем біріншілігінде екінші орын алды, ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Жарақат алуына байланысты күрестен алыстап, 2005 жылдан бастап ережесіз жекпе-жекпен тұрақты айналысып келеді. Лақап аты «Атилла». Осыған дейін 20 жекпе-жек өткізіп, оның 17-сін жеңіспен аяқтады.
Жалпы бұл күні 10 жекпе-жек өтті. Олардың нәтижесі бойынша есеп 5:4, жеңіс қазақстандық құраманың еншісінде.
Қазақстандық Османжан Қасымов пен Польша балуаны Себастьян Грабаректің арасындағы жекпе-жек тең ұпайлармен аяқталды. Екінші кездесуде Мұхаммед Азербаевтан басым түскен Матас Стебулиаускас жеңіске жетті. Үшінші жекпе-жекте қазақстандық спортшы Азиз Амуев молдовандық Дмитрий Калмардан мықты екендігін көрсете алды. Төртінші болып рингке қазақстандық Асиф Тагиев пен латыш Андре Зазуля шықты. Бұл күресте біздің батыр алда болды. Бесінші жұпта түріктің Каан Қазғанын оңайлықпен жеңген Қайрат Ахметов жеңісін тойлады.
«Алаш Прайд» командасының капитаны Асылан Тоқтарбаев Польша спортшысы Прземислау Добиалды сенімді түрде жеңді. Шахмарал Джеписов табанды тартыста Латвиядан келген Игорь Костинге есе жіберіп алды, «Найман» лақап атын жамылған Қуат Хамитов ресейлік шебер Сергей Голяевтен ұтылды, ал Ержан Естановтың жапондық Шимизу Шуничиге шамасы келмеді.