ШҰҒЫЛ: Түркіменстан Президентінің жарлығымен түрмеден шыққан 7 қазақстандық бірнеше сағаттан соң елде болады

Еске сала кетсек, 2012 жылғы 19 қазан күні Түркіменстан шекара қызметі Қазақстанның 7 азаматын ұстап, оларға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылған еді. Оның ішіндегі 4 азамат - Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаменті көші-қон полициясының қызметкерлері.
Кейіннен Түркіменстанда ұсталған Қазақстан Республикасының 7 азаматына қатысты сот отырысы өтіп, сол елдің Қылмыстық кодексінің 214 бабы бойынша (мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту) түркімен соты Қазақстанның бір азаматын 8 жылға, қалғандарын 7 жылға бас бостандығынан айырған еді.
«Біз осыған дейін мәлімдегендей, бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің тұрақты қатаң бақылауында болып, аталған тұлғаларды босатуға ықпал жасау мақсатында барлық дипломатиялық құралдар кешені қолданылды. Нәтижесінде, Түркіменстан Сыртқы істер министрлігі басшылығымен тікелей орнатылған келіссөздер және Қазақстанның Ашхабаттағы Елшілігінің салған күш-жігері арқасында 2013 жылдың 15 ақпанында Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың жарлығымен аталған азаматтарға рақымшылық жарияланғанын хабарлаймыз», - деді ресми өкіл. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары Түркіменстандағы Қазақстан Елшілігінің Консулымен бірге Түркіменбашы қаласынан шығып кетті. Консуль олармен бірге қазақ-түрікмен шекарасындағы «Темірбаба» бақылау-өткізу пунктіне дейін еріп баратын болады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып түркімендік тарапқа түсіністік танытып, біздің азаматтарымызды босатуға ықпал жасағандары үшін алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта да қазақстандық-түркімендік шекара достық және татулық шекарасы болып қала береді деп сенеміз», - дейді Ж. Үсенов.