ШҰҒЫЛ: Ұлттық паркте 11 адамның өліміне қатысты күдіктілер әлі анықталған жоқ
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Іле-Алатау ұлттық паркіндегі 11 адамның өліміне қатысты қылмыстың күдіктілері әлі анықталған жоқ.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Әзірше бізде бұл іс туралы нақты ешқандай да күдіктілер жоқ», - деді Нұрділдә Ораз брифинг барысында. Сонымен қатар, ол ішкі істер органдары қызметкерлерімен жергілікті 3,5 мың тұрғынның сұралғанын да хабарлады. Ал полиция осы оқиға барысында мүрдесі табылған қорықшының 51 жастағы ұлын іздестіруді де жалғастыруда. «Әзірше, оның тағдыры туралы ешқандай да ақпарат жоқ. Тергеу осы қылмысқа қатысты мүмкін боларлық барлық нұсқаларды қарастырып жатыр. Нақты нұсқаны тергеу мүддесіне орай жариялай алмаймыз», - деді Н. Ораз.
Еске сала кетсек, ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағандай, тамыздың 13-і күні Алматы облысы Каменское полиция бөлімшесіне Таусамалы ауылынан 30 шақырым шалғай жердегі № 4 кордонға қарасты «Кордон-Ақсай» шатқалында екі адамның жансыз денесі табылғаны туралы хабарлама түскен. Сол жерге шыққан жедел-тергеу тобы Іле-Алатау ұлттық паркі қорықшысының үйінде оның 53 жастағы әйелінің, ал аулада 30 жастағы жұмысшының мәйітін анықтады. Сондай-ақ Ақсай өзені маңындағы сайдан тағы 4 адамның мәйітін тапты. Олардың бәрін белгісіз біреулер пышақтап өлтірген. Қазіргі кезде мерт болған алты адамның тұлғасы белгілі болып отыр. Шлагбаум алдында қорықшының ұлына тиесілі «Ниссан-патрол» автомашинасы, ал үйден 100 метр жоғары жерде «ВАЗ-2121» автомашинасы табылды. Автомашина салонында қан тәрізді қоңыр түсті іздер анықталды. Ал 25 шақырым шалғай жерде өртеніп кеткен № 3 кордон орманшысының үйінен тағы 5 адамның күйген мүрдесі табылды.
Сонымен қатар, қазіргі кезде құқық қорғау органдары қорықшының 51 жастағы баласын іздестіруге кіріскен болатын.