ШҰҒЫЛ: Жеке тұлғалар үшін көлік рәсімдеудегі кедендік жеңілдік 30 маусымда аяқталады
АЛМАТЫ. 8 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2010 жылдың маусымынан басталған Қазақстан азаматтарына шеттен көлік әкелуге берілген жеңілдік 1 шілдеде аяқталады.
Бұл туралы Алматы қалалық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Бақыт Тынысбеков бүгін өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Жеке тұлғалар үшін көлік рәсімдеудегі кедендік жеңілдік 30 маусымда аяқталады. 30 маусымнан кешіккендер 1 шілдеден бастап көліктерін Кеден одағынаның бірыңғай кедендік мөлшерлемесі бойынша рәсімдейтін болады. Құжатты рәсімдеуде көліктің шекарадан өткен күні емес, оны кеден бекетіне рәсімдеуге тапсырған күн ғана есептеледі», - дейді Бақыт Тынысбеков.
Жалпы 2010 жылы Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінде 21 458 көлік кедендік рәсімдеуден өткен. Биыл 5 айдың өзінде бұл сан 23 337-ге дейін жеткен.
Оның айтуынша, көліктері шет елде түрлі себептермен бөгеліп қалған азаматтарға 1 шілдеден кейін ешқандай жеңілдік берілмейді. 2010 жылы 1-шілдедегі №682 Үкімет қаулысы бойынша жеке тұлғалар үшін жеңіл көлік әкелуде 3-10 жыл аралығында шыққан көлік двигателінің көлеміне қарай 1 текше см. үшін кедендік алым мен салықтың жеңілдетілген мөлшерлемесі 0,35-тен 0,6 еуро көлемінде белгіленген еді. Шілде айынан бастап шыққанына 5 жылдан асқан двигателі 1800-ден 3000 текше см. дейінгі көліктердің кедендік алымының мөлшерлемесіне әр текше үшін 4 еуро және оған 12 пайыздық қосымша құн салығы қосылмақ. Мәселен, 2007 жылы шыққан двигателінің көлемі 1800 текше см. болатын Тойота короллла көлігінің жалпы төлемі қазір 151 мың 200 теңге болса, 1 шілдеден кейін ол 1 млн. 091 мың 597 теңгені құрамақ.