ШҰҒЫЛ: Жер сілкінісінің ошағына халықаралық макросейсмикалық отряд аттандырылды
АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыдан 150 шақырым жерде болған түндегі жер сілкінісінің ошағына шұғыл түрде 4 макросейсмикалық отряд аттандырылды.
Бұл жайлы Сейсмикалық институттың директоры Таңатқан Абақанов мәлімдеді.
«Үш күн бұрын жер сілкінісі бойынша Қазақстан ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуге Қытайдан бір топ ғалымдар келген болатын. Таңертең 8.30-да Қазақстан мен Қытай ғалымдарынан құралған халықаралық макросейсмикалық отряд Көкпек кентінде және Көкпек асуының жанындағы ошағының қасындағы зілзала ошағына жібердім. Ол қираған, бүлінген үйлер болып қалса оның қандай дәрежесін анықтауға және жер қыртысының өзгерістерін тексеруге арналған экспедиция», - дейді Т. Абақанов. Қазақстан бас сейсмологының айтуынша, таңғы сағат 10-да зілзала ошағына Сейсмологиялық институттың сейсмологиялық әдістемелік экспедициясы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің «Болжау» мекемесі бірлескен тағы 3 макросейсмикалық отряд аттандырылған. Қазір институттың болжамдық комиссия ғалымдары бұл жер сілкінісінің ары қарай даму жағдайын тексеру үшін жедел түрде жұмыс істеп жатыр.