ШҰҒЫЛ: Жергілікті бюджеттен берілетін 65 әлеуметтік төлемнің екеуі ғана қалуы мүмкін

Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде белгілі болды.
Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру 2016 жылға дейін үш кезеңге жоспарланған. Жалпы республика бойынша әлеуметтік төлемдер жергілікті бюджет қаражаты есебінен алушылардың елуден астам санаты мен тобына төленіп келді. Алушылардың санатының саны, ал жекелеген жағдайларда олардың құрамы өңірлер бойынша ерекшеленді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетумен қамтудағы елеулі ерекшеліктер облыстар арасында және бір өңір аясында байқалады.
Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көптеген әлеуметтік төлем түрінде берілген. Жалпы республика бойынша жергілікті бюджет қаражатынан әлеуметтік төлемнің алпыстан астам түрі төленеді.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жұмыс тобы әлеуметтік көмек жүйесін жергілікті деңгейде оңтайландыру жөнінде ұсынымдар әзірледі. Біріншісі - әлеуметтік көмек алушылардың негізгі санаттарын қолданыстағы заңнамаға сәйкес ретке келтіру. Екіншісі - әлеуметтік көмек түрлерін оңтайлы қысқарту және тәртіпке келтіру. Яғни, тағайындалатын 65 әлеуметтік төлем түрінің орнына екі түрлі әлеуметтік төлем енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, мерекелік және атаулы күндерге, сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте жүруге әлеуметтік төлемдер (Астана және Алматы қалалары үшін) және өмірлік қиын жағдай туындағандағы әлеуметтік көмек.
Жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды іске асыру үшін 2012 жылдан бастап барлық облыстарда әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын облыс аясында бір санатқа жататын алушылар үшін мерекелік және атаулы күндерге әлеуметтік көмектің біркелкі мөлшерін белгілеу бөлігінде сәйкестікке келтіру жұмыстары бастау алды.
Жалпы азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік төлем беруді оңтайландырудың жаңа тетігін енгізу үшін 4 қанатқақты өңір белгіленген - бұл Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстары.
Қазіргі кезде министрлік Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларының жобасын әзірлеуде.