Шүкір Шахайдың фотоальбомы жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ фотожурналистикасының белді өкілі Шүкір Шахайдың «Жан жүрегім - Астана» атты кітап-фотоальбомы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шүкір Шахайдың фотоальбомы жарық көрді

Елорданың кешегісі мен бүгінгісі, оның ертеңгі қадамы республикаға белгілі фотожурналист, көп жылдан бері ҚР Премьер-Министрінің жеке фотографы қызметін атқарып жүрген Шүкір Шахайдың «Жан жүрегім - Астана» атты кітап-фотоальбомында жан-жақты көрсетілген. Еліміздің бас қаласы  Астананың 20 жылғы тарихын осы фотоальбом арқылы көз алдыңызға елестетуге болады.

Фотоальбом тақырыптарға талғаммен әрі мазмұнмен бөлінген. Фотоальбом Астананың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі деген ұғымды терең ашып, суреттер арқылы елорданың маңыздылығын, алатын орнын, мәртебесін айқындай түседі. Көпшілікке арналған фотоальбом 3 мың данамен  жарық көрген.

Айта кетейік, Шүкір Шахай 1966 жылы 13 маусымда дүниеге келген.  Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласындағы Сырдария университетін, Шымкент қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Киров (қазіргі «Мақтаарал») аудандық «Комунистік еңбек» газетінде фототілші болып бастаған. Одан кейін 1990 жылы республикалық «Халық кеңесі», 1990-1996 жылдары жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінде фототілші болып еңбек етті. Сондай-ақ республикалық «Жас Алаш», халықаралық «Түркістан» газетінде де жұмыс істеді. 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің фотографы болып істейді.

«Астанаға - 10 жыл», «Тәуелсіздікке - 20 жыл», «Конституцияға - 20 жыл» медальдарының және Қазақстан Республикасы президентінің Құрмет грамотасының иегері.

«Қазақстан», «Қасым Қайсенов», «Роза Рымбаева», «Түркістан», «Қазақтың киіз үйі», «Мақтаарал», «Жер жаннаты - Жетісай», «Шежірелі Шардара», «Тәуелсіздік: Қас қағым сәт», «Елбасы мәртебесі - ел мәртебесі», «Астана: Қас қағым сәт», «Егемендік айнасы», «Елдің бағы», «Құдайберген Сұлтанбаев», «Тәуелсіздік», «Астана - Қазақстанның жүрегі» атты фотоальбомдардың, Астана қаласында өткен «Тәуелсіздікке - 20 жыл», «Елбасы мәртебесі - Ел мәртебесі» атты фотокөрмелердің авторы. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының лауреаты.

null null