Шумахер дауысынан айрылып, мүгедек болып қалуы мүмкін
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Тау шаңғысы курортында шаңғы теуіп жүріп, құлап, бассүйек-ми жарақатын алған әйгілі неміс автошабандозы Михаэл Шумахердің денесі жартылай сал болып және дауысы шықпай қалуы мүмкін. Бұл туралы бұрынғы «Формула-1» шабандозы француздық Филипп Стрейфтің сөздеріне сілтеме жасай отырып, Lenta.ru хабарлайды.
Сайттың мәліметінше, Франциядағы Мерибел тау шаңғысы курортында Шумахер шаңғы теуіп жүріп, тасқа басымен құлаған. Соның салдарынан қорғаушы шлемі қақ жарылып, басынан қатты жарақат алған. Кеше ғана 45 жасқа толған шабандоз бірнеше күннен бері Гренобл ауруханасында ес-түссіз жатыр.
«Мен Жерар Сальянмен (Ми институтының басшысы) сөйлестім. Олар Шумахердің миын күн сайын сканерлеп отырған көрінеді. Дүйсенбі күні миының екі жағында да гематома болған, ал қазір сол жағындағысы ғана қалыпты. Алайда ол тез арада жазылмаса, соның әсерінен науқастың денесінің оң жағы сал ауруына ұрынуы мүмкін екен. Ондай жағдайда Шумахер дыбыс шығару қабілетінен де айырылып қалуы мүмкін. Дегенмен, ем қабылдау кезінде ол сал ауруынан да айығып, дауысын да қалпына келтіреді деп үміттенемін», - деді Стрейфф.