Шүменов айтқан жайт маған да белгілі - Марат Мәзімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алғашқы қазақстандық промоутерлердің бірі Марат Мәзімбаев боксшы Бейбіт Шүменовтің Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясы жайындағы мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды «SPORTINFORM». 

Шүменов айтқан жайт маған да белгілі - Марат Мәзімбаев

«Бейбіт Шүменов айтқан жайт маған да белгілі. Әрбір бокс кешінен кейін боксшыларға, төрешілерге, жекпе-жекті ұйымдастыруға қатысы бар басқа адамдарға ақы төлеу қажет. Федерацияның өзі де осы секілді төлемақылармен күн көріп отыр. Әрине, бұл промоутерлер үшін мүлде тиімсіз. Өзім де осындай жағдайларға тап болғанмын. Ондай кездері өзімді ұстауға тырысатынмын. Бұл өте қиын жағдай», - дейді Марат Мәзімбаев.

Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың басында кәсіпқой рингке оралған Шүменов Қазақстанда боксты, соның ішінде кәсіпқой боксты дамытуға күш салатынын мәлімдеген болатын. Ол үшін елде кәсіпқой бокс кештерін көптеп өткізу қажеттігін айтып, тіпті Астанада бокс мектебін ашу туралы жоспарымен де бөліскен.

Жуырда Астанада өткен бокс кешінде түркиялық Хизни Алтункаяны жеңіп, бірінші ауыр салмақта WBA белдігін иеленді.

Ал жекпе-жек алдында оны ұйымдастырудағы қаржылық қиындықтарды айтып, өз қаржысынан 500 мың доллардан астам қаражат жұмсауға тура келгенін мәлімдеген еді.