Шварценеггердің жүрегіне тағы да ота жасалды
АСТАНА. KAZINFORM – «Терминатор» фильміндегі рөлі арқылы көпшілікке жақсы таныс болған 76 жастағы америкалық актер және бодибилдер Арнольд Шварценеггердің жүрегіне кезекті ота жасалды. Бұл туралы актер Men’s Health басылымына берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында Шварценеггер кардиостимулятор орнатылғанын айтты. Актер «Терминатор» фильміндегі рөліне ұқсап, ақырындап роботқа айналып бара жатқанын әзілмен тұспалдаған.
– Мен туып-өскен Австрияда ер адамдар денсаулығына қатысты мәселелерді айтуды аса бір әдетке айналдырмаған, – дейді ол.
Актердің бұған дейінгі оталарының әсері жүрек соғысының бұзылуына себеп болған. Сондықтан кардиостимулятордың қажеттілігі туындады.
Шварценеггер, сонымен қатар, операцияға байланысты ауыр жаттығуларды тоқтатқан. Соған қарамастан ол бір айдан кейін жаттығуға қайта оралуды жоспарлап отырғанын айтты.
Ақпарат үшін, Шварценеггер алғаш рет туа біткен жүрек ақауына байланысты 1997 жылы жүрегіне ота жасатқан. Актер 2018 және 2020 жылдары да осындай оталарды бастан кешірді.