Швеция Қазақстан экономикасына қаржы құятын инвесторларын ынталандыруда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швеция Үкіметі Қазақстан экономикасына қаржы құятын инвесторларын ынталандыруда. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырғаннан кейін Швеция Елшісі Матс Фойер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл қарқынды дамып келеді. Швеция Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция салу және тауар айналымы бойынша солтүстік елдер арасында екінші орында. Бұл швед бизнесмендерінің Қазақстанға қызығушылығының артуының және Швеция Үкіметі тарапынан оларды ынталандырудың дәлелі бола алады. Мәселен, 2015 жылы Швеция экспортты ілгерілету жөніндегі стратегия қабылдады. Онда швед өнімдерінің экспорты ынталандырылатын басымдыққа ие елдердің арасында Қазақстан да бар. Осы айда көлік инфрақұрылымы мен энергетика саласындағы шведтің сауда делегациясы Қазақстанға келеді. Ғылым мен инновация саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылады», - деді Швеция Елшісі.
Сонымен қатар ол осыдан бір жыл бұрын Қазақстан мен Швеция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде қызметіне кіріскенін және екі ел күн тәртібінде барлық мәселелерде тығыз ынтымақтастықта екенін айтты.
«Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздің кеңесінің төрағасы ретіндегі маңызды рөлімен құттықтап табыс тілеймін. Қазақстан сыртқы саясатының өзектілігін ескере отырып, Швеция халықаралық саясаттағы өзекті мәселелер бойынша диалогты дамытқысы келеді. Ширек ғасырда қол жеткізілген швед-қазақстандық ынтымақтастықтың жоғары деңгейі саяси диалогты одан ары нығайта түсу үшін жаңа келешектер ашады», - деді Матс Фойер.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған болатын.