Швеция СІМ басшысы: Ресей Украинаның ЕО-мен қатынастарын жабу үшін оған қарсы сауда соғысын бастады
АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Швецияның сыртқы істер министрі Карл Бильдт Ресей Украинаның ЕО-мен қатынастарын жабу үшін оған қарсы сауда соғысын бастады деп санайды. Бұл туралы РБК хабарлады.
«Ресей Украинаның ЕО-мен қатынастарын жабу үшін оған қарсы ақырын сауда соғысын бастады ма? Бұл өте елеулі мәселеге айналуы мүмкін».
Ресей кедені төңірегіндегі қарбалас 14 тамызда украин кәсіпкері Дмитрий Фирташ басқаратын Украина жұмыс берушілер федерациясы Ресей Кеден қызметі 14 тамыздан бастап, украиндық импорттаушыларды «тәуекелдер» тізіміне енгізді, сөйтіп, шын мәнінде бүкіл украин импортының жолын жауып отыр, деп мәлімдегеннен кейін басталды,. Ресей үкіметінде және кеден қызметінде бұл арада ешқандай саясат жоқ деп сендіреді. «Үкімет қалыптасқан жағдайға (ресей-украина шекарасында) алаңдаушылық білдіреді, өйткені бұл сауда-экономикалық байланыстарға әсер етеді. Бірақ та бұл кеден органдарының шешімі, ал үкімет деңгейінде Украинадан келетін импортты реттеу бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ», - деді РФ үкіметінің баспасөз қызметіндегілер. Бұдан бұрын Мемлекеттік думаның ТМД істері жөніндегі комтетінің төрағасы Леонид Слуцкий ресей-украин кедені проблемаларында саяси астар жоқ деп мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, проблемалар төрешілдік сөзбұйдадан туындап отыр. Слуцкий тамыздың аяғына дейін екі елдің кеден қызметтері барлық қиындықтарды еңсеретініне сенім артады деп қосты. Слуцкий проблемалар бар екені рас, бірақ оларды қысқа мерзімде шешуге болады, деп атап көрсетті.
Украина жұмыс берушілер федерациясы украин тауарларына тыйым салынғаны туралы құжатты көрсетті.
Украина премьер-министрі Николай Азаров Ресеймен сауда қатынастарындағы проблемалар Кеден одағы құрылуымен және құрылымдануымен байланысты дегенді айтты. Алайда бұдан кейін Украина Ресейдің Сібірінен, Солтүстік Кавказдан және Оңтүстік Федералдық округтерінен осы аумақтарда малда аусыл індеті таралуына байланысты жемазық пен астық импортына тыйым салды. Сарапшылар мұны Ресейдің әрекетіне жауап ретінде қарастыруда.