14:12, 17 Қараша 2022 | GMT +5
Швеция Түркия үшін конституциясын өзгертіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сәрсенбіде Швеция Парламенті терроризмге қарсы заңнаманы күшейтетін конституциялық өзгерістерді мақұлдады. Жаңа нормалар «террористік әрекетке байланысты топтардың жиналу бостандығын шектеуге» мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.
Швецияның негізгі заңына енгізілген бұл өзгерістер Түркия үшін енгізілді.
Айта кетейік, Түркия Скандинавия корольдігінің НАТО-ға кіруіне әлі де тосқауыл қойып отыр. Енді Швецияға Анкара лаңкестік деп санайтын күрд ұйымдарымен байланысы бар тұлғаларға қатысты істерді бастау оңайырақ болады. Өткен аптада Швецияның премьер-министрі Ульф Кристерссон Түркияға сапары кезінде оның кабинеті терроризмге қарсы күресті күшейтуге ниетті екенін атап өтті. Швеция НАТО-ға кіруге өтініш берді, бірақ оның кандидатурасын Түркия бұғаттады.
Сәрсенбіде мақұлданған өзгерістер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі керек.
Видеодан алынған кадр ru.euronews.com