Шведтік компания түрлі әуен ойнауға болатын дастархан ойлап тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде талай қызық бар. Швецияда жасалған кәдімгі дастархан музыкалық аспапты алмастыра алады, деп жазады 24.kz.
Яғни үстел басында ас ішіп отырып, пианинода ойнауға немесе барабан тартуға болады. Ойлы өнертапқыштар келешекте мұнымен ғана шектелмек емес. Шведтік компания түрлі әуен ойнауға болатын дастархан ойлап тапты. Оған сенсорлы пианино мен барабан орнатылған. Бұл жаңашылдық әдетте айтылатын «Нан болса, ән де болады» дегенді іс жүзінде қуаттай түскендей.
Мэтс Йоханссон, «Ақылды тоқыма» компаниясының қызметкері - Пианино мен барабандар тоқ өткізетін матадан жасалып, дастарханның астарына қоса тігілді. Негізі бұл технология тоқыма өнеркәсібінде бұрыннан қолданылып келеді.
Өнертапқыштар дастарханға бекітілген пианино мен барабанның әлі толық жетілмегенін айтады. Бірақ олар заманауи тоқыма жабдығының келешекте әр шаңырақта болатынына сенімді.
Ли Гуо, «Ақылды тоқыма» компаниясының қызметкері: - Адамға ең керек нәрсе - киім-кешек. Біз онсыз өмір сүре алмаймыз. Киімді әртүрлі әдіспен тұтынып, тіпті оған сенсорлар мен құрылғы-тетіктер орнатуға болады. Алдағы уақытта жаңа технологиямен тігілген жейделер шығып жатса, таңқалмаңыз.
Өнертапқыштардың айтуынша, киімге жүрек қағысы мен дене температурасын өлшейтін құрал бекітуге болады. Соған қарағанда үйіңізде жеке дәрігер пайда болатын уақыт алыс емес сияқты.