Швеция ауыр қылмыс жасағандарды Сирияға күштеп жібереді

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі Сирияға көбірек сотталған қылмыскерлерді жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швеция
Фото: Азертадж

Миграция министрі Йохан Форссель мен даму және сыртқы сауда министрі Бенжамин Дуса ел билігі ауысқаннан кейін Сирияға барған алғашқы швед шенеуніктері болды.

Сапар барысында олар Швецияда қылмыс жасады деп сотталған сириялық азаматтарды күштеп қайтару мәселесі бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді келісті.

Қазіргі уақытта елде 128 сириялық азамат бар. Оларға депортация үкімі шыққан, бірақ оларды Сирияға қайтара алмайтындықтан, әлі де елде еркін жүр. Йохан Форссельдің айтуынша, олардың арасында ауыр қылмыс жасаған және мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндіретіндер де бар.

— Бұл адамдар Швецияда қылмыс жасап, сол арқылы осы елдің бөлігі болудан бас тартып отыр. Сондықтан оларды депортациялау керек, — деді ол.

Стокгольм жаңа сириялық билік өз азаматтарын қабылдап, олардың кім екенін анықтауға көмектеседі деп үміттенеді. Министрлер Сирия сотталған азаматтарды кері қабылдамаса, Швециядан үлкен қаржылық көмекке дәмеленбеуі керек екенін атап өтті.

Бұған дейін Швеция 13 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікті енгізуді жоспарлап отырғанын жаздық.

Сондай-ақ Швеция әйелдерге қауіп төндіретін ерлерді жүйелі түрде анықтауға кірісті.

Соңғы жаңалықтар