Швеция Ирандағы дипломатиялық миссиясын Бакуге уақытша көшірді

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция Ирандағы қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлауына байланысты дипломатиялық қызметкерлерін эвакуациялау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

Швеция
Фото: pixabay.com

Бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Швецияның сыртқы істер министрі Мария Мальмер Стенергард мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда швед дипломатиялық өкілдігі өз жұмысын Әзербайжан астанасынан жалғастырады.

— Ирандағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауына байланысты Сыртқы істер министрлігі Тегерандағы Швеция елшілігінің қызметкерлерін уақытша көшіру туралы шешім қабылдады. Елшілік өз жұмысын Бакуден жалғастырады. Тегерандағы қауіпсіздік жағдайы әлі де өте белгісіз күйде қалып отыр. Швеция Сыртқы істер министрлігі 2022 жылдан бері азаматтарына Иранға барудан бас тартуды ұсынып келеді және елде жүрген швед азаматтарын елден кетуге шақырады, — деді министр.

Швецияның Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Иран аумағына бармау туралы ұсыныстың әлі де күшінде екенін еске салды. Ал елде жүрген азаматтарға эвакуациялау үшін қажетті шараларды қабылдау ұсынылды.

Бұған дейін Грекия мен Нидерланд та Ирандағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын Бакуге уақытша көшіру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған.