Швеция шартты түрде мерзімінен бұрын босату ережелерін қатаңдатуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін жазаны өтеудің ең төменгі мерзімін жалпы түрме мерзімінің үштен екісінен төрттен үшіне дейін ұлғайтуды ұсынады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Бұрынғы үкіметтік комиссия мұндай өзгерістердің сотталғандардың оңалуына қауіп төндіруі және жыл сайын 7 миллиард швед кронасына (шамамен 650 миллион доллар) дейін қосымша шығындар әкелуі мүмкін екенін ескертсе де, билік реформаны 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастауды жоспарлап отыр.
— Бұл бастама қоғамның ауыр қылмыстарға деген көзқарасын қатаңдатуға бағытталған, — деді Әділет министрі Гуннар Стрёммер баспасөз мәслихатында.
Бірінші кезеңде жаңа ереже тек алты жыл және одан жоғары мерзімге сотталғандарға қатысты болады.
Сондай-ақ, егер қылмыстың қайталану қаупі нақты болса, зорлық-зомбылық қылмыстары үшін кемінде төрт жылға немесе ұйымдасқан қылмысқа қатысу үшін екі жылға сотталғандардың мерзімінен бұрын босау мүмкіндігін кейінге шегеру ұсынылды.
2026 жылдың 1 наурызынан бастап үкімет бірнеше рет қайталанған зорлық-зомбылық қылмыстары сияқты қоғамға тұрақты қауіп төндіретін сотталғандар үшін мерзімсіз қауіпсіздік шараларын енгізуді жоспарлап отыр. Бағалау бойынша, мұндай шаралар жыл сайын шамамен 45 сотталғанға қолданылады.
Осыдан бұрын Швеция мигранттарды еліне қайтару үшін 32 мың еуро төлейтіні айтылды.