Швеция ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін адамдарды азаматтығынан айыруға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM – Швеция ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыс жасаған екі немесе одан да көп азаматтығы бар адамдарды азаматтықтан айыруға ниетті. Ол үшін тіпті конституцияға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Еuronews.

– Бұл тыңшылық немесе мемлекетке опасыздық сияқты қылмыстары үшін сотталған адамдарды, сондай-ақ пара беру арқылы немесе қитұрқы жолмен азаматтық алғандарды да швед төлқұжаттарынан айыру мүмкін дегенді білдіреді, – деп хабарлады сәрсенбі күні ел үкіметі.
Бұл өзгерісті партияаралық комитет ұсынды және келесі жылы Парламентте дауысқа салынады, өзгерістер 2026 жылдың маусымында күшіне енуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Швеция конституциясы азаматтықтан айыруға жол бермейді.
Көші-қон министрі Юхан Форсселл өткен жылы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептеген 600-ге жуық адам Швеция азаматтығын алуға өтініш білдіргенін мәлімдеді.
Швеция бір кездері ЕО-ның мигранттарға ең қолайлы елдерінің бірі болып саналған. Шетелде туып, Швеция азаматтығын алғандар саны соңғы жиырма жылда екі есе өсті. Бұл елдің 10,5 миллион халқының бестен бір бөлігін құрайды.
Үкімет сонымен қатар қос азаматтығы бар қылмыстық топ мүшелерін де азаматтығынан айыруды талап етті, бірақ парламенттік комитет бұл ұсынысты қабылдамады.
Осы аптаның басында үкімет азаматтыққа өтініш берушілер енді елде бес жыл емес, сегіз жыл тұруы керек екенін мәлімдеді.
– Біз Швеция азаматтығы маңыздырақ болатын Швецияны құрмақпыз, – деді Форселл.
Осыған дейін Швециядан аса ірі көлемде мүлік жымқырды деген күдікті экстрадицияланғаны туралы жаздық.