Швецияда кедейлік деңгейі өсіп, әлеуметтік қорғау жүйесі әлсіреп барады

АСТАНА.KAZINFORM — Швецияда соңғы 4 жылда материалдық және әлеуметтік тұрғыдан кедейлік жағдайында өмір сүретін халықтың үлесі екі еседен астам өсті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

кедейлік
Фото: سۋرەت: istockphoto.com

Stadsmissionen қайырымдылық ұйымының баяндамасында келтірілген деректерге сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 3 пайыздан 7 пайызға дейін артқан.

Сонымен қатар елде халықтың қарыз жүктемесі де күрделі мәселеге айналып отыр. Былтыр Швецияда шамамен 500 мың адам, яғни ел тұрғындарының 5 пайызы шамадан тыс қарызға батқан. Бұл — соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ең жоғары көрсеткіш.

Халықтың қаржылық жағдайы нашарлаған тұста швед зерттеушілері әлеуметтік қорғау жүйесіндегі елеулі кемшіліктерге назар аударды. Олардың пікірінше, бұл жүйе халықты кедейліктен қорғау жөніндегі негізгі міндетін барған сайын нашар орындап келеді.

Әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманы зерттеген профессорлар соңғы жылдары азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері айтарлықтай әлсіреген деген қорытындыға келген. Зерттеушілердің айтуынша, бұл өзгерістер билікте қандай саяси күштердің болғанына қарамастан, біртіндеп жүзеге асқан.

Негізгі мәселелердің бірі — әлеуметтік жәрдемақы алу талаптарының қатаңдауы. Заңнамадағы талаптар мен ережелердің күрделенгені соншалық, азаматтар өз құқықтарын түсініп, жәрдемақы алу үшін қажетті шарттарды орындауда жиі қиындыққа тап болады.

Бұған қоса, биыл 1 шілдеден бастап қате төленген жәрдемақыны алған азаматтардан ақшаны қайтару талап етіліп қана қоймай, оларға қосымша айыппұл салынуы немесе болашақта жәрдемақы алу құқығынан айырылуы мүмкін. Мұндай шаралар әсіресе қаржылық жағдайы осал азаматтарға ауыр тиеді.

Бастапқыда халықтың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған әлеуметтік сақтандыру жүйесінде біртіндеп басымдық өзгеріп келеді. Енді мұқтаж жандарға қолдау көрсетуден гөрі, жәрдемақы алушыларды бақылауға көбірек көңіл бөліне бастағаны атап өтіледі.

Бұған дейін Аргентинада кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны көбейгенін хабарлаған болатынбыз.