Швецияның үш партиясы еңбек миграциясы ережелерін қайта қарауға келісті
АСТАНА.KAZINFORM — Швеция социал-демократиялық партиясы, Орталық партия және Жасылдар партиясы бірлескен үкімет құру жөніндегі келіссөздер аясында бірқатар саяси мәселе бойынша алдын ала уағдаластыққа қол жеткізді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Негізгі ұсыныстардың бірі — Тидё келісімі аясында қабылданған еңбек миграциясы ережелерінің күшін жою. Сонымен қатар тараптар қылмыстық жауапкершілік жасын бұрынғы 15 жас деңгейіне қайтаруды, білікті мамандар мен жасөспірімдерді елден депортациялауды тоқтатуды және кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналарға қойылатын табыс талаптарын жеңілдетуді ұсынып отыр.
Бұдан бөлек, иммигранттардың қоғамға бейімделу үдерісін жеделдету, шағын бизнестің қызметкер жалдауға жұмсайтын шығынын азайту, Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметін реформалау және аурудың алғашқы күніне төленетін жәрдемақыдан ұсталым жасауды тоқтату көзделген.
Ұсыныстар пакетіне стоматологиялық көмекті реформалау да енгізілген. Оған сәйкес, ересектердің тіс емдеуге жұмсайтын шығыны емдеу құнының 10 пайызына дейін төмендетілмек. Сондай-ақ орман шаруашылығы саясаты мен білім беру саласына қатысты бастамалар бар.
Социал-демократтар Орталық партияға ұсынған құжатта барлығы жүзге жуық бастама қамтылған. Олар ынтымақтастықтың 7 бағытына топтастырылған. Атап айтқанда, қаржы саясаты, еңбек нарығы, ауылдық аймақтарды дамыту және қауіпсіздік мәселелері қарастырылған.
Айта кетейік, АҚШ билігі жәрдемақы алатындарды көбірек жұмыс іздеуге міндеттемек.