Швейцария көші-қон саясатын қатаңдатпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцарияда көші-қон саясатын қатаңдату мәселесіне арналған жалпыұлттық референдум басталды.

Швейцария көші-қон саясатын қатаңдатпақ

Ел тұрғындары «Жаппай көші-қонға қарсы» атауымен Швейцария халықтық партиясының қоғамдық талқылауға шығарған бастамасына өздерінің пікірін білдіруі тиіс.

Федералдық жиында (парламент) негізгі орындарды алып отырған ульраоңшыл саяси күштердің пайымынша, мемлекет жыл сайын 80 мыңнан астам шетелдікті қабылдай алмайды.

Партия өкілдерінің айтуынша, көші-қонның қазіргі жағдайы инфрақұрылымдық күрделі проблемаларды туындатуда. Сонымен қатар көліктік және білім жүйелерінде де ауыртпашылық байқалып отыр. Сонымен қатар олар шетелдіктердің ағылып келуі салдарынан жергілікті швейцарлықтар жұмыстарынан айырылып жатқандығын алға тартуда.

Жақында швейцарлық радио хабар тарату корпорациясының жүргізген сауалнамасы барысында аталған бастаманы жергілікті тұрғындардың 43 пайызы қолдаса, 50 пайызы көші-қон саласындағы жаңа бастамаға қарсылық танытып отыр. Сонымен қатар сұралғандардың 7 пайызы аталған мәселе бойынша шешім шығарып үлгермеген екен.

Швейцария әлемде референдум өткізуден бірінші орында келе жатыр. 1948 жылдан бері осы елде 500-ден астам жалпыұлттық плебисцит ұйымдастырылған көрінеді.