Швейцария құрамасының капитаны Қазақстанмен матч туралы: Бұл ойында фаворит емеспіз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теннистен Швейцария құрамасының капитаны Северан Люти 2-4 ақпан күндері Астанада өтетін Қазақстан-Швейцария арасындағы Дэвис кубогының 1/8 финалы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрама капитаны танымал швейцариялық теннисшілер - Роджер Федерер мен Стэн Вавринканың құрамада болмауының команда ойынына айтарлықтай әсер ететінін жасырмады.
«Жоғары білікті ойыншылардың болмауы команда мен ондағы көңіл-күйге әсер етеді. Роджердің келмейтінін басында білгенбіз, сондықтан бәріне дайынбыз. Біздің ойыншыларымыз жас, қашан да ойнауға әзір. Оларға үлкен сенім артамыз және жеңу үшін барымызды саламыз», - деп жауап берді С. Люти Ұлттық теннис орталығында өткен баспасөз мәслихатында журналистер сауалына.
Қарсылас команда капитаны Қазақстанның теннисшілердің осал еместігін мойындады.
«Бұған дейін де Кукушкинмен бір алаңда ойнап көргенбіз. Қазақстанның теннисшілері Дэвис кубогында өте жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Сондықтан өте тартысты ойын болғалы тұр. Біздің команда әлі жас. Олар Қазақстанға екі күн бұрын ұшып келді және көңіл-күйлері бір қалыпты. Әрине, бұл ойында фаворит емеспіз. Десе де, көрерменнің көңілінен шығу үшін барымызды саламыз», - деп өз сөзін түйіндеді Северан Люти.
Айта кетейік, 2-4 ақпан күндері Астанадағы Ұлттық теннис орталығында әлемдік Дэвис кубогының 1/8 финалы өтеді. Жарыс 2 ақпан күні сағат Астана уақытымен 12:00-де, 3 және 4 ақпан күндері 14:00-де басталады.
Қазақстан атынан Михаил Кукушкин (ATP рейтингінде 69-орын), Александр Недовесов (234) Дмитрий Попко (248), Тимур Хабибулин (783) және дебютант Роман Хасанов (711) бақ сынайды. Оларға Швейцария құрамасы атынан Генри Лааксонен, Адриан Бодмер, Марк Андреа Хуслер, Антуан Бельер және Лука Маргароли қарсылас болмақ.
Еске сала кетсек, Қазақстан Дэвис кубогына 1995 жылдан бері қатысып келеді. Ұлттық құрамамыз 2010 жылы бірінші рет Әлемдік топқа іліккен болатын. Ал 2011, 2013, 2014 және 2015 жылдары жарыстың ширек финалына шықты.