Швейцария Сыртқы істер министрі Қазақстанға ресми сапармен келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Швейцария Сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассис Қазақстанға ресми сапармен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу швейцариялық делегациямен ашық әрі нәтижелі келіссөздер өткізгенін айтты.

Оған қоса, министр Қазақстан мен Швейцария арасында өзара сыйластық, барлық деңгейде толық түсіністік орнатылғанына ерекше назар аударды.


«Біз Еуропадағы маңызды әріптесіміз – Швейцариямен соңғы жылдары шынымен де айтарлықтай белестерді еңсердік. Мемлекет басшысының 2021 жылғы қарашадағы Швейцарияға сапары үлгілі әріптестігімізді тың бағыттармен толықтыруға мүмкіндік бергені айқын.


Ал Швейцария басшысы 2019 жылғы қарашада, заң шығарушы органының төрағасы 2021 жылғы тамызда Қазақстанға келгені өздеріңізге жақсы мәлім. Сондықтан, біз саяси диалог деңгейін сақтап, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың, сауда-экономикалық әріптестік аясын кеңейтудің және министрліктер арасындағы байланыстарды тұрақты қолдаудың маңызын атап өттік», - деді Мұрат Нұртілеу ҚР Сыртқы істер министрлігінде.

Оның айтуынша, келіссөздер барысында Қазақстанның экспорт номенклатурасын кеңейтуге, еліміздің көлік-логистика байланысын одан әрі дамытуға мүдделі екені айтылған.


«Ардақты министр мырзамен мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, су дипломатиясы мен су ресурстарын басқару мәселелері бойынша өзара шараларды қолдауға келістік. Сонымен қатар туризм саласында жарнамалық науқандарды ұйымдастыру арқылы бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.


Өз кезегінде швейцариялық дипломат өткен жылы қос елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толғанын, бұл аралықта тығыз байланыс қалыптасқанын атап өтті.

«Бүгінгі сапарым қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтады деп үміттенемін. Менімен бірге делегация құрамында Базель, Берн, Лугано қалаларының өкілдері, парламент мүшелері келді. Кеше Алматыда Швейцарияның Құрметті консулдығын аштық, мұны да жақсы белгі деп есептейміз», - деді И. Кассис.


Соңғы жаңалықтар
telegram