Швейцарияда Алматы мен Бейжің қалаларының 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге өтінімдері таныстырылды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні швейцариялық Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиада комитетінің штаб-пәтерінде 24-ші қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге берілген өтінімдер таныстырылды, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Швейцарияда Алматы мен Бейжің қалаларының 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге өтінімдері таныстырылды

ХОК комиссиясының назарына Алматы және Бейжің қалаларының дүбірлі доданы өткізу жоспары ұсынылды. Осыған дейін бәсекеден Краков, Львов, Мюнхен, Осло, Стокгольм, сонымен бірге бірлесіп өтініш білдірген Давос пен Санкт-Мориц қалалары түсіп қалды.

«Бүгін 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары үшін маңызды күн. Өйткені екі үміткер қаланың көзқарасымен таныса аламыз», - деді ХОК президенті Томас Бах. Ойындарды ұйымдастыратын қала ХОК бөлетін 880 млн доллар қаражатты есепке ала алады. Бұл ХОК-іне маркетинг пен осы айтулы оқиғаны жұртшылыққа таратудан түсетін пайда. Сонымен қатар жеңімпаз қалаға Олимпиада ойындарын өткізуде өзге де артықшылықтар берілетін болады. ХОК бағалау комиссиясы Ресей өкілі Александр Жуковтың басшылығымен 14-18 ақпанда Алматыға барады, одан кейін 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге үміткер Бейжің қаласына ат басын бұрмақ (24-28 наурызда). Комиссия нысандар әзірлігінің нәтижесі бойынша баяндама даярлап, 9-10 маусымда Лозаннада оны ХОК мүшелеріне ұсынады. Жеңімпаз қаланы Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті 2015 жылы 31 шілдеде Куала-Лумпурдағы ұйым сессиясында анықтайды.