Швейцарияда студенттер қалай дауыс берді: Біз болашақты таңдадық

None
None
БЕРН. ҚазАқпарат - Швейцарияда оқып жатқан қазақстандық студенттер бүгін, 9-маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс берді.

«Біздің Швейцарияның Glion университетінде қонақ үй ісі саласы бойынша білім алып жатқанымызға биыл үшінші жыл. Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келгенімізге қарамастан, алғаш танысқан күннен-ақ бір отбасының мүшесіне айналдық», - дейді шетелде оқып жатқан студент Дәулет Уранхаев.

Оның айтуынша, ондағы қазақстандық студенттер халықаралық мерекелерде, атаулы күндерде бас қосып, бір-біріне одан сайын жақындай түседі. Ал ондай мерекелерді университетте атап өту дәстүрге айналған.

«Шетелдіктерді еліміздің мәдениетімен, тарихымызбен таныстыру біз үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан да мереке сайын басқосуға қатты қуанамыз», дейді ол.

Сонымен қатар, Дәулет Уранхаев бүгінгі күннің де ерекше екенін атап өтеді.

«ҚР Президентінің сайлауына байланысты біз жиналып, бірге сайлауға қатысу туралы шешім қабылдадық. Бұл көпшілігіміз үшін президенттік сайлауда дауыс беру, сол арқылы азаматтық ұстанымды білдірудің алғашқы мүмкіндігі болып отыр. Сондықтан бұл күн біз үшін нағыз ерекше күн, біз қазіргі сайлаудың нәтижесі келер жылдардағы жағдайға тікелей әсер ететініне сенеміз», - дейді Дәулет Уранхаев.

Осы мақсатта қазақстандық студенттер Glion университеті орналасқан Монтрё қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 88 километр жердегі Берн қаласына барып, дауыс берді. Олар Берн қаласында орналасқан Швейцария Конфедерациясындағы ҚР Елшілігіндегі №248 сайлау учаскесінде таңдау жасады.

«Біздің кімді таңдағанымызға қарамастан, жеңіске жеткен кандидатқа денсаулық, жақын келешекте еліміздің әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысына сәттілік тілейміз. Қазақстанның Швейцариядағы елшілік қызметкерлеріне де бізге көрсетіп жатқан қолдаулары үшін ерекше алғыс айтқымыз келеді», - дейді Дәулет Уранхаев.

Соңғы жаңалықтар