Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Швейцария Альпісінде миллиардерлерге арналған жерасты қоймалары салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцария Альпісінде ауқатты клиенттерге арналып қорғалған жерасты қоймалары салынып жатыр. Жер бетінен 100 метрден астам тереңдікте орналасатын орындарда алтын, ақша, өнер туындылары мен қымбат автокөліктерді сақтауға болады, деп хабарлайды BILD.

Швейцария Альпісінде миллиардерлерге арналған жерасты қоймалары салынып жатыр
Фото: BILD

Жобаны кәсіпкер Томас Гассерге тиесілі швейцариялық Brünig Mega Safe AG компаниясы жүзеге асырып жатыр.

Құрылыс жұмыстары биылғы қаңтарда басталған. Компания өкілі Хуго Шиттенхельмнің айтуынша, қорғалған аймақты салудың негізгі кезеңі аяқталған. Алғашқы қоймалар 2028 жылға қарай дайын болады деп жоспарланып отыр.

Бір қойманың құны 1 млн еуроға дейін жетуі мүмкін. Клиент оны 99 жыл бойы пайдалану құқығына ие болады. Алғашқы келісімшарттар жасалып та қойған екен.

Таудың ішінде барлығы 20-25 жеке қойма жабдықтау жоспарланған. Оларды пайдалану құқығы жер кадастрында тіркеледі. Сондықтан бұл нысандар кәдімгі банк ұяшығынан гөрі жылжымайтын мүлікке ұқсайды.

Жоба авторлары қоймалар ұрлықтан, шабуылдардан және табиғи апаттардан қорғалатынын айтады. Ішке кіру көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Томас Гассердің сөзінше, қорғалған аймаққа жету үшін келушілер бірнеше шлюз бен бақылау бекетінен өтуі керек.

Еске салайық, бұған дейін Hurun Report жыл сайынғы рейтингі соңғы бір жылда әлемде күн сайын орта есеппен екі жаңа миллиардер пайда болғанын көрсеткен.

Сондай-ақ әлемдегі ең дәулетті 500 адамның байлығы бір күнде жүздеген млрд долларға өскенін жаздық.