Швейцария бейтараптық қағидатын қатаңдатудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Швейцария тұрғындарының басым бөлігі референдумда елдің бейтарап қағидатын қатаңырақ бекітуді көздейтін бастамаға қарсы дауыс берді, деп хабарлайды DW.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Швейцарияның бейтараптығын сақтау» бастамасына сайлаушылардың 71%-ы қарсы дауыс берген. Бұл деректі gfs.bern қоғамдық пікірді зерттеу институты келтіреді. Осындай нәтижені Швейцарияның телерадио компаниясы SRF те жариялады.
Бастама авторлары Конституцияда «тұрақты қарулы бейтараптық» қағидатын нақтырақ бекітуді ұсынған. Атап айтқанда, Швейцарияның әскери және қорғаныс одақтарына қатысуын шектеу, сондай-ақ қарулы қақтығыстарға қатысушы мемлекеттерге қарсы экономикалық санкциялар енгізу мүмкіндігін едәуір тарылту көзделген. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған шаралар, сондай-ақ санкцияларды айналып өтудің алдын алуға бағытталған әрекеттер бұған жатпайды деп қарастырылған.
Бастаманы Pro Schweiz бірлестігі алға тартты. Оны қолдаушылар қатаңырақ ережелер елдің дәстүрлі бейтараптығын нығайтып, Швейцарияның халықаралық қақтығыстарға тартылу қаупін азайтуға мүмкіндік береді деп санаған.
Федералдық кеңес пен парламент бұл ұсынысқа қарсы болды. Бастамаға қарсылардың пікірінше, қолданыстағы модель сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастық мәселелерінде билікке қажетті еркіндік береді.
Швейцарияда бейтараптық қағидаты Конституцияда бекітілген. Алайда оның іс жүзінде қолданылуы халықаралық құқықпен және федералдық биліктің шешімдерімен де реттеледі.
Бұған дейін Исландия тұрғындарының басым бөлігі елдің Еуропалық одаққа қосылуы жөніндегі келіссөздерді қайта бастауға қарсы дауыс бергені хабарланған болатын.