Швейцария Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектесетін болды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан мен Швейцария қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловтың 2024 жылғы 5 қарашада Берн қаласына (Швейцария) жасаған сапары барысында Швейцарияның Бас Прокуроры Штефан Блаттлермен және Швейцарияның Федералдық әділет офисі Директорының орынбасары Лоренс Фонтана Юнгомен келіссөздер жүргізді.
Тараптар қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың және заңсыз активтерді қайтарудың тетіктерінің тиімділігін арттырудың өзекті мәселелерін талқылады.
Қадағалау ведомствосының басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев бастаған реформалар, 2023 жылғы шілдеде қабылданған заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң, Қазақстанның Бас прокуратура жанында тиісті комитеттің, сондай-ақ қайтарылған қаражатты әлеуметтік-экономикалық маңызды жобаларды қаржыландыру үшін бөлетін арнайы қордың құрылуы және 2022 жылдан бері Қазақстанға 3,5 миллиардтан астам доллар қайтарылғаны туралы айтты.
Қазақстанның Бас Прокуроры шетелдік, соның ішінде швейцариялық инвесторларды құқықтық қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, бұл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Бас прокурор Блаттлер мен Директордың орынбасары Фонтана Юнго Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтару және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады.
Швейцария Әділет басқармасының өкілдері Қазақстанның қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияға қосылуға деген ұмтылысын қолдады.
Сапардың қорытындысы бойынша тараптар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы өзара түсіністік туралы үкіметаралық Меморандумға қол қойды. Құжатқа Қазақстанның Үкіметі атынан Бас прокурор, ал Швейцария Үкіметі атынан Федералдық әділет басқармасы Директорының орынбасары қол қойды.
Меморандум екі елдің қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер мен ақпарат алмасу, соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерін жеделдетуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Осыған дейін заңсыз активтерді қайтаруүшін елде 220 трлн теңгелік банк операциялары тексеріліп жатқаны туралы хабарладық.