Швейцария тұрғындары климатқа немқұрайлылық танытқаны үшін үкіметті сотқа беріп, жеңіп шықты

сот алдында
Фото: cnn.com

БЕРН. KAZINFORM – Швейцария қарттары адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотта ел үкіметінің климатқа қатысты әрекетсіздігіне байланысты істі жеңіп шықты. Аса ыстық ауа райы олардың денсаулығына зиянын тигізіп, өлім қаупін тудырады, деп жазады CNN.

Францияда Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот (АҚЖЕС) Швейцарияның климаттық дағдарысқа қарсы әрекетсіздігін адам құқықтарын бұзады деп тапты. Бұл соттың тарихта алғаш рет климаттың өзгеруіне байланысты істі қарауы.

64 жастан асқан 2 мыңнан астам әйелден тұратын Швейцария азаматтарының тобы АҚЖЕС-ке шағым түсірді. Олар қатты ыстық кезеңдердің денсаулық пен өмір сүру сапасына нұқсан келтіріп, өлім қаупін төндіретінін алға тартқан.

Сот Швейцария үкіметі бірқатар адам құқығын бұзды деп тапты. Сот төрағасы Шифра О’Лири Швейцария үкіметінің климатпен байланысты мақсаттарға жете алмағанын және тиісті шаралар қолданбағанын атап өтті.

«Швейцарияға қарсы бүгінгі шешім барлық еуропа елдері үшін тарихи прецедент болып табылады. Бұл барлық Еуропа елдері өздерінің [климаттық] мақсаттарын дереу қайта қарауы керек дегенді білдіреді. Бұл барлық ұрпақ үшін үлкен жеңіс» – деді Global Legal Action Network заңгері Джерри Листон.

Швейцарияның апелляциялық шағым беру құқығы жоқ, шешім заңды күшке ие. Шешім сонымен қатар Швейцарияны қазбалы отынды тұтынуды тезірек қысқартуға мәжбүр етуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар