Швейцарияда Судандағы соғысты тоқтату келіссөздері басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияда Африканың солтүстік-шығысындағы Суданда гуманитарлық дағдарыс тудырған, 16 ай созылып келе жатқан азаматтық соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздердің жаңа раунды басталды. Судан үкіметі қатысудан бас тартқанына қарамастан өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Келіссөздерді АҚШ-тың Судан бойынша арнаулы өкілі Том Перриелло жүргізіп отыр. Ол сессия ашылғаннан кейін «зеңбіректердің үнін өшіретін уақыт келгенін» мәлімдеді.
Келіссөздер Женеваға тақау жерде жабық есік жағдайында өткізіліп жатыр, 10 күнге созылуы мүмкін.
Әскерилендірілген жедел әрекет ету күштерінің делегациясы келіссөздерге қатысып отыр, ал олардың қарсыласы Судан қарулы күштері Вашингтон таңдаған форматқа наразы. Судан Қарулы күштері келіссөздердің осы раундына қатысқысы келмейтінін мәлімдеп, өздерінің Женевада болу шарты ретінде әскерилендірілген жедел әрекет ету күштері бақылауындағы қалалардан олардың шығарылуын талап етті. Судан Қарулы күштері сонымен қатар БАӘ-нің бақылаушы рөлінде болуымен де келіспейді.
Әл-Бурхан мұндай ұстанымға осы жылдың шілде айында Суданның шығысындағы әскери мереке кезінде ұшқышсыз ұшақтың шабуылынан аман қалғаннан кейін келіп отыр. Судан армиясының қолбасшысы әл-Бурханның АҚШ жетекшілік ететін келіссөздерге қосылудан бас тартуы олардың келіссөздерде ілгерілеушілік болады деген үмітін көмескілендіре түсті.
«Біздің АҚШ делегациясы және ұжымдық халықаралық серіктестер, техникалық сарапшылар және Суданның азаматтық қоғамы әлі де Судан Қарулы күштерін күтеді. Әлем бақылап отыр», - деді Перриелло келіссөздер басталар алдында.
Ол Судан үкіметін «мүмкіндікті пайдалануға» шақырды.
Өзара айыптаулар
Судан армиясы әскерилендірілген жедел әрекет ету күштерін азаматтық аймақтардан комбатанттарын шығару және көмек жеткізуге жәрдемдесу міндеттемелерін орындамады деп бірнеше рет айыптады. Бұл өткен жылы Сауд Арабиясында тікелей келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімнің бөлігі саналады. Ол соғыс іс-қимылдарының қысқа мерзімге доғарылуына алып келген-ді.

Әскерилендірілген жедел әрекет ету күштері болса Омдурман, Эль-Обейд және әл-Фашер қалаларын бомбалаудың жалғасуына қарамастан, бейбіт тұрғындарға қатысты қиянат немесе тонау әрекеттерін бірнеше рет жоққа шығарды. Олар келіссөздер үшін Швейцарияға делегация жіберді және егер армия келіссөздерге қатысса, онда жаңа бейбітшілік келісіміне ашық екендіктерін мәлімдеді.
Халықаралық араағайындық
Швейцария мен Сауд Арабиясының қолдауымен Құрама Штаттар ұйымдастырған консультациялар 16 айға созылған азаматтық соғыстан кейін атысты тоқтатуға қол жеткізуге бағытталған.
Басқарушы топ ретінде Африка Одағы, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері және БҰҰ қатысып отыр.
«Біздің мақсатымыз – соғыс іс-қимылдарын тоқтатуға қол жеткізу, гуманитарлық көмекке қолжетімділікті кеңейту және нақты нәтиже беретін мәжбүрлеу тетіктерін құру үшін алға жылжу», - деді Перриелло.
Келіссөздер тараптардың бірі қатыспаған жағдайда да өтеді, дегенмен Том Перриелло бұл жағдайда ол ресми бейбіт келіссөздер емес, техникалық сипаттағы консультациялар болатындығын мойындады. Бұл атысты тоқтату ісінде нақты прогреске қол жеткізуді қиындатады.
Бұл – жанжалды реттеуге бағытталған бірінші әрекет емес. Бұған дейін Джидада (Сауд Арабиясы) бірнеше рет өткен келіссөздер сәтсіздікке ұшырады.
16 айға созылған соғыс
Елдің іс жүзіндегі билеушісі Абдель Фаттах әл-Бурхан басқаратын Судан армиясы мен оның бұрынғы орынбасары, Хамедти ретінде танымал Мохамед Хамдан Дагло басқаратын әскерилендірілген жедел әрекет ету күштері арасындағы соғыс 2023 жылдың сәуір айынан бері жүріп жатыр.
I’ve just returned from a rare reporting trip to #Sudan, once of the most difficult places in the world for journalists to access right now. The situation on the ground is so much worse and more complex then the rhetoric surrounding today’s US-run talks in Geneva would suggest. pic.twitter.com/Y2qUmUhRVb
— Leila Molana-Allen (@Leila_MA) August 14, 2024
Әл-Бурхан мен оның оң қолы Хемедти 2021 жылы президент Омар әл-Башир тақтан тайдырылғаннан кейін Судандағы билікті бөліп алды. Олардың әрқайсысының өз армиясы болды. Сәл кейінірек оларды біріктіру жоспары салдарынан туындаған шиеленіс өткен жылы толық ауқымды соғысқа ұласты.
Ұрыс іс-қимылдары әуелі ел астанасы Хартумда басталды. Ақырында Әскерилендірілген жедел әрекет ету күштері Дарфур мен Гезира аймақтарының басым бөлігін басып алды. Армия басқаратын үкімет содан кейін шығыс жағалаудағы Порт-Суданға қоныс аударды.
Судандағы қатыгез қақтығыс әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыстардың біріне алып келді.
Соғыс іс-қимылдарының салдарынан әрбір бесінші адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды, ондаған мың адам қаза тапты.
🆘 Our worst fears in #Sudan have come true.
— World Food Programme (@WFP) August 1, 2024
Famine is found to be taking hold in Zamzam camp - home to more than 220,000 displaced people – in North Darfur.
Across Sudan, nearly 26 million people are struggling to put enough food on their plates every single day. pic.twitter.com/gADoXrUlZC
Бүкіл елде 25 миллионнан астам адам бар, халқының жартысынан көбі қатты аштықпен бетпе-бет келіп отыр.
БҰҰ мәліметінше, екі миллионнан астам адам елден қашуға мәжбүр болды. Гуманитарлық көмек елге өте баяу келіп жатыр. Оған қол жеткізу де қиын. Оны қаржыландыруға жеткілікті қаражат көздері де жоқ.