Швейцариядағы технология фестивалінде атыс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияның Арау қаласындағы технофестивальде болған атыстан бір адам қаза тауып, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Bild.

На технофестивале в Швейцарии произошла стрельба, как минимум один человек погиб
Фото: aarauer-rave.ch

Аргау полициясының мәліметінше, оқ атқан белгісіз адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып, шабуылдың мән-жайы тексеріліп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, атыс шамамен таңғы сағат 2:30-да Aarauer Rave өтіп жатқан ипподромның жанында болған. Швейцария БАҚ жариялаған бейнежазбада шамамен он қатты жарылыс дыбысы көрсетілген.

Куәгерлер бастапқыда оқ атуды отшашумен шатастырғанын хабарлады. «Барлығыңыз төмен!» деген айқайлар естілгеннен кейін, фестивальге қатысушылардың кейбірі диджей кабинасының астына тығылған. Сонымен қатар фестивальге қатысушылар сиреналар мен көптеген төтенше жағдайлар қызметінің жұмыс істегенін хабарлады.

Ипподром аумағы қоршауға алынды, ал жақын маңдағы бассейн де жабылды. Полиция адамдардан оқиға орнынан аулақ болуды және кез келген фотосуреттер мен бейнелерді тергеушілерге тапсыруды сұрайды. Фестивальге шамамен 3500 адам қатысты.

Бұған дейін Швейцарияда қатты дауыл мен бұршақ жауып, ондаған адам зардап шеккенін жазған едік.