Шығармашыл жастардың үні халыққа толық жетпей жатыр - Марфуға Айтқожина
АЛМАТЫ. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Ақын- жазушылар халықтың ары мен намысы, бетке ұстар айбары мен айбыны", - деді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Марфуға Айтқожина бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
«Тәуелсіздіктен кейін рухани еркіндігімізді алдық. Айтатын ойымызды ашық айтамыз, еркін ойлап, еркін жазамыз. Кейде асыра сілтеп артығымен кетіп қалатын жағдайлар да болады. Ол сана-сезімге байланысты. Кезінде кітабымыз шығарда қолжазбасы Жазушылар одағында талқыланатын. Әр секцияда жұрт өз пікірін ортаға салатын. Содан кейін ғана Жазушылар одағы баспаға ұсынатын», - дейді Марфуға Айтқожина.
Оның айтуынша, қолжазбаны баспадағы бекітілген редакторлар да оқып, өз пікірлерін айтатын. Осыған орай оған түрлі түзетулер жасалып, қайта ой елегінен өткізіп барып қана шығарма кітап боп шығатын. Сондықтан да олар сапалы болып, оқырман арасында қолдан-қолға тарап кететін. Қазір жағдай мүлде өзгерді. Кеңестік дәуірде дүниеге келген аға ұрпақты шыққан кітаптары мен оның таралымы арқылы жұрт жақсы таныды.
Ақынның сөзіне қарағанда, қазір талантты жастарымыз көп. Олардың ішінде жақсы ақын-жазушылар да аз емес. Алайда олар өз оқырманын таба алмауда. Жастарды жұрт біліп жатқан жоқ. Бұрын ел таныған ақын-жазушылармен мәдениет пен әдебиет басшылары есептесетін. "Қанша қиын заман десек те шақырып алып пікірімізді сұрайтын, оларға сөзіміз өтетін еді. Жалпы мәдениет мекемелерінің тұтқасын ұстаған адамдар халық кімді оқығысы, көргісі келетінін біліп, оларға қамқорлық жасап отыруы керек", - дейді ол.