Шығармашылық емтихан тапсыратындар үшін ҰБТ-да қандай өзгерістер бар

«Биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты, енді олар «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаты» пәндерімен қатар «Математикалық сауатты» міндетті пән ретінде тапсырады. «Математикалық сауаттан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағғытталған, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушы үшін міндетті» деп атап өтті министр Telegram парақшасында.
Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар.
Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның ұсынысын ескере отырып, «B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», «B055 – Математика және статистика», «B063 – Электротехника және автоматтандыру» білім бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады.
«Қорытындылай келе, өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске салғым келеді. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады. Бұл өзгерістер емтиханнан сәтті өтіп, мақсатыңызға жетуге көмектеседі деп үміттенеміз. Болашақта жаңа мүмкіндіктер үшін білім беру жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасын табады» дейді Саясат Нұрбек.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін келесі жылы ҰБТ-ға жаңа сұрақтар қосылып, емтихан тапсыру уақыты 30 минутқа қысқаратынын хабарлаған едік.