Шығыс Ильинкада су тасқынымен күресу үшін уақытша қорғайтын бөгет салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Ильинкада тұрғын үйлердің су астында қалуын болдырмау мақсатында уақытша қорғайтын бөгет салу жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы astana.kz сайтына Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Есіл ауданы бойынша су тасқынына қарсы комиссиясы, Шығыс Ильинка ауданындағы су тасқыны бойынша қауіпті жерлерде орналасқан үйлерді аралады. 6 сәуірде Шығыс Ильинкада Бекет ата көшесінде орналасқан үйлерді су алмау үшін Досмамбет жырау көшесінде уақытша қорғаныс бөгетін салу жұмыстары басталды. Қорғаныс бөгетінің ұзындығы бүгінгі күні 50 метрді құрап отыр, 1500 қап құм төселді», - деп хабарлады ведомстводан.
Бұл жұмыстарға 2 техника мен 15 маман жұмылдырылды. Уақытша қорғаныс бөгетін салу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы алғанда, тәулік ішінде 481 шағым, алдағы тәулікте 456, ал су тасқыны кезеңі басталғалы бері 8145 шағым түскен.
Бұдан басқа, өткен тәулікте 215 техника тартылды, 13224 м³ су (кезеңнің басынан 238992 м³) сорылып шығарылған. Тәулік ішінде адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жүзеге асырылған жоқ.
Ведомствоның хабарлауынша, тәулік ішінде Астана су қоймасына 3,44 млн. м³ су (барлығы 145,96) келген. Қазіргі уақытта тасқын сулардың келуі азайғаны байқалады. Судан құтқару қызметінің мамандарымен Есіл өзенін патрульдеу жұмыстары қолға алынды және 2-3 сағат аралықпен су деңгейі тексеріледі.
Айта кетейік, Есіл өзеніндегі судың деңгейі 45 см-ге түскен, саяжайлық ұйымдардың аумағындағы су 60 метрге шегініп, кеміп келеді.
Тасқын сулардың өтуі үшін қазылған жол төсемінің учаскелері қиыршық тастармен және ірі құммен жабылды. Жол төсемдерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 7 сәуірде сағат 08.00 Бейсекова көшесіндегі қозғалыс жандандырылды.
Ал «Юбилейный» және «Газ аппаратурасы» саяжайшылар ұйымдарындағы судың деңгейі төмендеп келеді. Есіл ауданының ТЖБ мамандары аулаларды аралап, жағдайды өз бақылауына алды.