Шығыс Қазақстан әкімі аймақтың құрылыс саласын сынға алды

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі құрылыс ұйымдары мен тиісті мемлекеттік құрылымдардың басшыларымен өткізген кеңесінде өңірдің құрылыс саласын қатаң сынға алды,

Шығыс Қазақстан  әкімі   аймақтың  құрылыс  саласын  сынға алды
деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әкімнің пікірінше, өңірде құрылыс жүйесіз жүргізілгенімен қоймай, халықтың мұқтаждығы да ескерілмей отыр. Облыстың қалалары мен аудандарына танысу сапарын жасап қайтқан облыс басшысы осындай көңіл көншітпейтін қорытынды жасап отыр. Жобалау жұмыстарының сапасынан бастап, нысандардың қабылдап алуымен аяқталатын үдеріс барысында сауал туғызып отырған проблемалар жетіп-артылады. Тиісті құрылымдар тарапынан лайықты бақылаудың жоқтығы салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, осы жұмыста жол берген олқылықтар үшін облыс әкімі құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулеттік-құрылыстық бақылау басқармаларының басшыларын жұмыстарынан босатқан болатын. Кеше облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралаған әкім тағы да біраз проблеманың бетін ашып отыр. Өскеменде құрылысы басталған жаңа жобалар баршылық, бірақ олардың бірде-біреуін аяқтау әзірге мүмкін болмай отыр, себебі олар қосымша қаржыландыруды қажет етуде.