Шығыс Қазақстан диқандары биыл егіс алқабын 10,7 мың гектарға арттырмақ

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының диқандары биыл егіс алқабын 10,7 мың гектарға арттырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл агроөнеркәсіптік кешен саласына 24,5 млрд теңге бөлінген. Диқандарға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 8 млрд теңге несие берілмек.

«Биыл сүтті мал шаруашылығында, сүт-тауар фермаларын салу және реконструкциялау бойынша 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде, сүт-тауар фермаларының сүт өндіру көлемі жылына 47,5 мың тоннаға ұлғаяды. Бұл келесі жылы жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 65%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.

Осы жылдан бастап облыста «Ауыл аманаты» халықтың табысын арттыру бағдарламасы қолға алынбақ. Соның шеңберінде ауыл халқына 1,5 млрд теңгеге несие беру көзделген.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

«Болжамға сәйкес, 2023 жылы өңір бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 653,1 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 10,7 мың гектарға артық», - дейді Р.Сағандықов.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан диқандарының су тапшылығы зардабын тартып отырғаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар