Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында алтын кенін барлау үшін 60 млрд. теңгеден астам қаржы құйылады - Н.Сауранбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында алтын кенін барлау жұмыстарына 60 млрд. теңгеден астам қаржы құйылады. Бұл туралы бүгін «Геология - 360» сұхбат алаңында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
Оның атап өтуінше, соңғы уақытта елімізде геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан 508 млн. теңге бөлінген. Әрине, бұл қаржының мардымсыз екендігі түсінікті. Өйткені мұндай қаражыға бір ауылдың аумағында ғана барлау жұмыстарын жүргізуге болады.
«Бұдан көп қаржы керек екендігі белгілі. Сондықтан да қазіргі уақытта біз екі жобаны жүзеге асыра бастадық. Оларға сәйкес 2 өңірдің әрқайсысына 30 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Оның басым бөлігі - жеке инвестиция», - деді ол.
Вице-министрдің атап өтуінше, аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін өткен аптада бірнеше компаниямен арада меморандумға қол қойылған. Аталған құжатқа сәйкес, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында «Кенді Алтай» және «Сарыарқа» атты жобалар қолға алынып, полиметалл, мыс, алтын кендерін барлау жұмыстары жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта біз жұмыс тобын құрудамыз. Оның құрамына мемлекеттік органдар, жеке инвесторлар кіреді. Содан кейін бірлесіп, аталған өңірлерде барлау-іздеу жұмыстарын жүргізетін боламыз», - деді Н.Сауранбаев.